Септориоз – қоздырғышы мәдени және жабайы өсетін дәнді дақылдардың қырықтан астам түрін зақымдайды, оның ішінде бидай, арпа, қара бидай және сұлы бар. Жазғы кезеңде инфекция пикноспоралар арқылы ауа-тамшы жолымен таралады. Қысқы кезеңде өсімдік қалдықтарында перитецийлер мен пикнидийлер түрінде сақталады. Ауру қоздырғышының белгілері мен тіршілік циклі. Өсімдіктердің жер үсті барлық мүшелері (жапырақтар, жапырақ қынаптары, сабақтар, масақ өзегі, масақша қабыршақтары, дән) зақымдалады. Жапырақтар мен сабақтарда өскін шығу – түптену кезеңінен бастап хлоротикалық жиекті немесе жиексіз ашық бежевый, ашық қоңыр түсті дақтар пайда болады. Дақтардың ортасында немесе бүкіл бетінде ауру қоздырғышының спора түзетін қара түсті ұсақ пикнидийлері түзіледі. Сабақтарда ауру пісу кезеңінде жиексіз, қоңырқай түсті, анық емес дақтар түрінде байқалады. Сабақтар жиі майысып қалады. Масақ қабыршақтарындағы дақтар қою қоңыр немесе қою күлгін түсті болады, кейіннен ағарып, қара нүктелер түріндегі көптеген пикнидийлермен жабылады. Ауру масақша қабыршақтарынан дәнге өтеді. Инфекция көзі. Септориоз инфекциясының негізгі көздері – тұқымдар, сондай-ақ астық тұқымдас өсімдіктердің егін жинаудан кейінгі қалдықтары. Алайда олардың маңызы әртүрлі топырақ-климаттық аймақтарда бірдей емес. Аурудың дамуына ықпал ететін факторлар: • Күшті шық түсуі, дақылдардың жатып қалуы. • 20–25°С температурамен қатар жиі жауын-шашын болуы. • Азотты тыңайтқыштардың жоғары мөлшерде қолданылуы. • Гербицидтер мен өсу реттегіштерін қолдану нормаларын сақтамау. Күресу шаралары: • Ауыспалы егісті сақтау. • Себу мерзімдері мен әдістерін дұрыс таңдау. • Микроэлементтерді (бор, кобальт, молибден, мыс, марганец) қолдану. • Септориозға төзімді бидай сорттарын пайдалану. • Бидай егістігін фунгицидтермен өңдеу. Бидайды септориоздан қорғау тәсілдері Бидай септориозымен күресудің негізгі әдісі – вегетация кезеңінде егістікті фунгицидтермен өңдеу. Бидайға арналған фунгицидтердің құрамында бір немесе бірнеше әсер етуші зат болуы мүмкін. Препарат құрамындағы бірнеше әсер етуші заттың үйлесуі ауруларға қарсы тиімділікті арттырады және септориоз қоздырғышының фунгицидке төзімділігінің (резистенттіліктің) пайда болу мүмкіндігін төмендетеді. Фунгицидтерді инфекцияның алғашқы белгілері пайда болғанға дейін профилактикалық мақсатта қолдану ұсынылады. Бұл бидайдың өнімділік әлеуетін сақтауға мүмкіндік береді. Қазақстан Республикасы аумағында қолдануға рұқсат етілген «Пестицидтер мен агрохимикаттардың тізіміне» енгізілген инсектицидтерді белгіленген ұсынымдарға сәйкес қолдану қажет.
Дона Тағанова ҚР АШМ АӨК МИК "Республикалық фитосанитарлық диагностика және болжамдар әдістемелік орталығы" РММ Мағжан Жұмабаев аудандық филиалының фитопотологы | |
|
| |
| Просмотров: 19 | |
| Всего комментариев: 0 | |